Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Абай қаласындағы шахтадағы 6 адамның қазасына байланысты күдіктілер айқындалмағанын айтты. Бір күн бұрын төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин күдіктілер анықталғанын мәлім еткен еді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Дәл қазір оқиға орын алған жер тазартылып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, метан жарылған. Қазір шахта зерттелуде. Бір тәулікте бірде-бір сараптама жұмыстары жүргізілмейді. Сараптама жұмысының қорытындысы бойынша мамандардың бекітуіне сәйкес заңды шешім қабылданады. Қазір уақытта кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер жоқ», - деді Ерлан Тұрғымбаев мәжілістің кулуарында.
Министрден кейін сөз сөйлеген ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов кейін тергеу барысында ғана қай қызметкерлер күдікке ілінетіні анықталатынын мәлім етті.
«Мен ол кісіні (Юрий Ильинді) қателесті деп айта алмаймын. Бәрін тергеу анықтайды», - деді ол.
Еске сала кетсек бүгін таңертең Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі шахтада метан газы тарап, 6 жұмысшы қаза тапқан болатын. Шахтада барлығы 64 жұмысшы болған, оның 56-сы дереу эвакуацияланды.
ҚР ТЖМ-ның мәліметінше, Қарағанды облысындағы шахтада метан газының кенеттен шығуы орын алды. Бүгін сағат 08.37-де Абай қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Абай КД шахтасында желдеткіш Штрек 3-К10 түбінде метан газының кенеттен шығуы орын алған.