«Шарлапаев бізді мазақ етіп отыр»: Базарбек ашуға мінді

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа жауап берді. Депутат пен министрдің құрылыс кодексінің жобасына шыққан шығынға байланысты дауы бітпей жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ШАРЛАПАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Қанат Шарлапаев кеше мәжілісмен Бақытжан Базарбектің құрылыс кодексін әзірлеу кезінде "300 млн теңгеге жуық сома желге ұшты" деген ақпаратына түсініктеме берген еді. Ол депутат таратқан ақпаратпен келіспей, аудит қорытындысы барын айтады.

– Әрине, депутаттардың өз пікірін білдіруге құқығы бар, зерттеу жүргізілген. Жоғары аудиторлық палатаның аудитінің есебі бар. Бұл аудиторлық есеп 2024 жылдың 26 шілдесінде айқайлай айтылатын заңбұзушылықтарды көрсетпеді. Менің пікірім келесідей: менде екі есеп бар, тергеу қорытындысы ресми түрде аяқталған жоқ, өйткені мемлекеттік орган бұл шешімге наразылық білдіруге құқылы. Біз оған наразылық білдірдік. Сондықтан Бақытжан Базарбек әлі аяқталмаған тергеу нәтижелерін жариялады, мен оған түсініктеме бере алмаймын, - деді Қанат Шарлапаев.

БАЗАРБЕКТІҢ ЖАУАБЫ

Министрдің бұл сөзін Бақытжан Базарбек жауапсыз қалдырған жоқ. Әлеуметтік желіге жазба қалдырды. Мәтіннен ашу табы білінеді.

– Өнеркәсіп және құрылыс министрі бізді мазақ етіп, көптеген заңбұзушылықты анықтаған Қаржы министрлігінің қорытындысын мойындамайтын сияқты! 

Министр Шарлапаев үшін Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің аудит қорытындысы жеткіліксіз екен де, ал Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы қажет екен!? Бұл жерде министр өзінің қарамағындағылар құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу сылтауымен 362 миллион теңгеден астам қаражат жұмсағанын мойындағысы келмейтіні анық. Оның 291 млн теңгесі аудит қорытындысы бойынша негізсіз шығындар, сондықтан оларды ақтауға тырысады, - дейді депутат.

"ОҚУШЫНЫҢ РЕФЕРАТЫ"

Базарбек жобаны тағы да "11-ші сынып оқушысының рефератына" теңеді. 

– Құжат Мәжіліске 2023 жылдың желтоқсан айының соңында келіп түсті. Қазір қыркүйек айының соңы, біз тоқтап қалдық. Кейде жұмыс тобындағы депутаттар салыстырмалы кесте мәтіндеріндегі стиль мен емлені түзетуге мәжбүр. 

Ал заң бөлімі редактор ретінде әр тармаққа сүрініп, қайшылықтарды жояды. Құрылыс кодексін тұжырымдамалық қарауға әлі жеткен жоқпыз. Тағы қанша уақыт кететіні белгісіз. Бұл тиімсіз ақша жұмсау емес пе?! Неліктен біз депутаттар құқық қорғау, бақылау және қадағалау органдары болған кезде біздің жағдайда бюджет қаражатының жасырын ұрланғанын дәлелдеуге тиіспіз? - деп Базарбек ашуға мінді.

БАЗАРБЕККЕ ӘЛИЕВ ҮН ҚОСТЫ

Депутат Бақытжан Базарбектің бұл дауына әріптесі Болатбек Әлиев қосылды.

– Мен әріптесімді қолдамай тұра алмаймын! Қаржылық бақылаудың бұрынғы қызметкері ретінде бюджет қаражатын бөлудің дұрыстығын және шығындардың тиімділігін тексеруді Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудиті жүргізгенін атап өткім келеді. Қаржы министрлігінің аудитіне кез-келген адам дау айта алады және бұл әркімнің құқығы! – дейді ол.

Әлиев министрдің "палата мұндай заңбұзушылықтарды анықтаған жоқ" деген сөзімен келіспейді. 

– Мен ешкімді кінәламай-ақ қояйын, бірақ бюджет қаражатын ысырап ету және тиімді пайдаланбау белгілері бар деп санаймын. 
60-тан астам маманның құрылыс кодексін әзірлеуге қосқан үлесі туралы ақпарат беруді уәкілетті орган –  Өнеркәсіп және құрылысы министрлігіне жүгіндім, өйткені Қаржы министрлігіне тиісті бюджеттік өтінімін көрдім. Олар қандай түпнұсқа идеяларды ұсынды? Барлығының атын атаңыз! Мен мұны министр Шарлапаевтан естігім келеді, өйткені департамент директоры Лепесов бұл ақпаратты көктемнен бері Мәжіліске жеткізе алмады, ол жағдайға иелік етпейтінін айтады, - дейді ол.

ӘҢГІМЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Еске сала кетейік, бұған дейін құрылыс кодексінің жобасына бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғанын үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Бақытжан Базарбек айтқан еді. Депутаттың сөзінше, құжат сапасыз. “Құрылыс кодексінің 98-99%-ы қолданыстағы заңдардан тұрады және ешқандай жаңашылдығы жоқ” дейді мәжілісмен.

Осыған байланысты бір топ депутат мұндай сапасыз кодекс жобасына бюджет қаражатын жұмсаудың орындылығы туралы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгінген. Ведомство бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануға мемлекеттік аудит жүргізіп, нәтижесін жариялаған. Біріншіден, 2023 жылға арналған бюджет кодексінің 41-бабының 4.2-тармағын бұза отырып, жалпы сомасы 382 млн теңгеге құрылыс кодексін әзірлеу Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік міндеттер тізіміне негізсіз енгізілген. Осылайша тексеріс нәтижесінде министрлік пен «ҚазҚСҒЗИ» құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС арасындағы келісімшарт негізсіз жасалғаны белгілі болған.

Екіншіден, министрлік бюджеттік өтінімде қамтылған мәліметтер мен есептердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеген. Осылайша бюджет кодексінің 67-бабының 12.12.1-тармағын бұзған. Бұл жалпы сомасы 291 млн теңгені құрайтын бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауға әкеп соққан. Мұның алдында Базарбек Құрылыс кодексінің жобасын “10-сыныптың оқушысы жаза алады” деп тағы бір сынаған еді.