«Бала туу көрсеткішін арттыру қажет»: Жапонияда төрт күндік жұмыс аптасы енгізіледі

Қалижан Бектемір

Жапония келер жылдан бастап бала туу көрсеткішін арттыру үшін төрт күндік жұмыс аптасын енгізбекші, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Global Look Press/Sven Hoppe/dpa

ХАЛЫҚ САНЫН КӨБЕЙТУГЕ ҰМТЫЛАДЫ

Бұл өзгеріс Жапония астанасы Токиода 2025 жылдың сәуірінен басталады.

Жаңа тәртіп бойынша қызметкерлер аптасына үш күн демалуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бастауыш мектептің алғашқы үш сыныбында оқитын балалары бар ата-аналарға жалақысының белгілі бір мөлшерінен бас тарту арқылы жұмыс күнін мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ Жапон үкіметі халық санын көбейту үшін ер адамдарға да әкелік демалыс беру сияқты бірқатар шараны қолға алмақ.

КӨП ЖҰМЫС ІСТЕУ ӨЛІМГЕ ӘКЕЛУІ ДЕ МҮМКІН

Сарапшылар елде туу көрсеткішінің төмендеуін – Жапонияда еңбек мәдениетіне талап жоғары екенімен және өмір сүру құнының өсуімен байланыстырады. Жұмыс уақытының ұзақтығы – Жапония корпортаивінің көптен бергі проблемасы. Бұл денсаулыққа да зиянын тигізеді. Өте көп жұмыс істеу өлімге, яғни Жапонияда танымал "кароши" деп аталатын жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. 

Токио отбасылық саясатты жүзеге асыратын Азиядағы жалғыз қала емес. Сингапур де осы жылы барлық компанияны қызметкерлер үшін икемді жұмыс тәртібін қарастыруға мәжбүрлейтін жаңа нұсқаулар енгізді. Ол төрт күндік жұмыс аптасын немесе икемді жұмыс уақытын қамтуы мүмкін. 

Еске салсақ, бұған дейін Сеулде қоғамнан жырақ қалған «жалғызбастыларға» арналған тәулік бойғы байланыс орталығы ашылатынын жазған едік.