Рудныйлық азаматтың ажалы ащы қиярдан болды

Ілияс Бақыт

Рудный қаласында үш ер адам ауыр интоксикация белгілерімен ауруханаға түсті. Дәрігерлер олардың ботулизмге шалдыққанын анықтады. Зерттеу нәтижелері бойынша, ер адамдар үйде тұздалған қиярдан уланған. Екі адам дәрігерлердің көмегімен аман қалғанымен, біреуі қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

БОТУЛИЗМНІҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН БЕЛГІЛЕРІ 

Костанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зауре Ельшибаеваның айтуынша, өнім қалдықтарында ботулотоксин анықталған. Бұл ауру негізінен консервіленген өнімдерді дұрыс дайындамау немесе сақтамау нәтижесінде пайда болады. Басқа өнімдерден бөлек, кептірілген, тұздалған балық немесе ет өнімдерін тұтыну кезінде де ботулизм пайда болуы мүмкін.

АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ 

Санитарлық дәрігерлер ботулизмнің алдын алу үшін стерилизация және консервілеу технологиясын сақтау, өнімдерді мұқият термиялық өңдеу, сондай-ақ сақтау мерзімі мен шарттарын сақтау қажет екенін айтады. Консервілер ісінген немесе жағымсыз иіс шығарса, оларды пайдаланбау жөн. Сонымен қатар, консервілерді 20-25 минут қайнату қажет.

БОТУЛИЗМНІҢ САЛДАРЫ 

Ботулизм ауыр, өлімге әкелетін, бірақ салыстырмалы түрде сирек кездесетін ауру. Ол жоғары белсенді нейротоксиндерден туындайды. Ерте симптомдарына қатты шаршау, әлсіздік және бас айналу жатады. Ауру прогрессиясы кезінде мойын мен қол бұлшықеттерінің әлсіздігі пайда болады, кейін тыныс алу бұлшықеттері мен төменгі дене бұлшықеттеріне әсер етеді.