Туризм министрлігі казино ашпай тұрып, маңғыстаулықтардың «батасын алмақ»

Аян Өрібай

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Маңғыстауда казино салу жобасы жөнінде Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап берді. Аталған жаңалықты естіген депутаттардың бірі жақында "362 әулие шыққан киелі мекеннен казино ашу не сұмдық" деп мәселе көтерген еді.

Ulysmedia.kz коллажы

ДЕПУТАТ НЕГЕ АШУЛАНДЫ

Былтыр Маңғыстау облысының әкіміі Нұрдәулет Қилыбай өңірде тек шетелдік туристерге арналған казино салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Шенеуніктің айтуынша, бұл бастама шетелдік қонақтардың қаражатын Қазақстанда қалдыру мақсатында қолға алынады. Алайда қазақстандықтардың казиноға кіруіне тыйым салынады. Осы жаңалықты естіген облыстық мәслихаттың депутаты Уәйіс Ерсайынұлы бұл идеяға наразылық білдіріп, казино құрылысына қарсы екенін мәлімдеді. Мәслихат депутаты Маңғыстау – киелі тарихи өңір екенін, онда ауқатты адамдардың "лас ақшасы" айналмауы тиіс екенін атап өтті.

Біз байлығы күмәнді адамдарды қасиетті Маңғыстауға жібермекпіз бе? Онда өңірдің киелілігі мен сакралдығы қайда қалды?" – деп наразылық білдірді депутат.

Ол Маңғыстау – кезінде 362 әулие өмір сүрген қасиетті жер екенін атап өтіп, енді бұл аймақта "362 құмар ойыншы" пайда болатынына алаңдаған.

Бұған дейін Бозжырада қонақүй салу мәселесі көтерілгенде, халық оған қарсы шықты. Бұл бекер емес еді – халық бұл жердің қасиеттілігін қорғағысы келді. Енді басқа салалар құлдырап жатқанда, біз игор бизнесінің есебінен байымақпыз ба?!" – деп жазды ол.

Сондай-ақ, Уәйіс Ерсайынұлы құмар ойындардың қылмыс деңгейінің өсуіне әкелетінін атап өтті.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Ержан Еркінбаев ең біріншіден шешім қабылдар алдында жергілікті халықпен ақылдасу керектігін айтты.

Жергілікті халықтың батасын алып, ашылатын жаңа аумақтың келешектегі пайдасын айтып, содан кейін ғана шешімді қабылдаймыз ба, жоқ па деген деңгейге шығару керек. Ол ешқандай күмәнсіз. Иә, жергілікті атқарушы орган сондай ұсыныс берген. Бізде тек шетелден келген туристерге ойын аумағын ашайық деп, екі локацияны ұсынды. Әлі шешім қабылданған жоқ. Ол мәселені дұрыстап зерттеп, әділет министрлігімен бірге қарастырып, экономикаға қандай пайдасы болатынын, зияны бола ма қараймыз, – дейді ол.

Еркінбаевтің айтуынша, қоғамдық тыңдау міндетті түрде өткізілетінін айтты. “Жергілікті халық қарсы болса, ашылмайды” деді. “Шетелдік инвестор бар” дегенімен, оның кім екенін айта алмады.