Конституция жобасы: Астана әкімдікі пикет өткізуге рұқсат бермеді

Ulysmedia
Астана әкімдігі. Көрнекі сурет. Фото: yandex.kz

Астана әкімдігі Конституция жобасына пікірін айтпақ болған қала тұрғынына жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат бермеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Азаттық радиосының жазуынша, Астана әкімдігі Мұсағали Дауыловқа жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат бермеген. Ол пикетті 12 наурызда Министрліктер үйі аумағында өткізгісі келген.

«Пикеттің мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу жобасы бойынша референдумның өткізілуіне келіспейтінімді білдіру және азаматтық ұстанымды жеткізу, бұған қоса ашық талқылау мен заңдылық пен халық билігі принципін сақтау қажеттілігіне назар аударту», – деп жазылған Дауыловтың өтінішінде.

Астана әкімдігі 4 наурызда тұрғынға берген жауабында «халықтың қорғанысы мен қауіпсіздігін, тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымға кемінде 800 метр жатқан аумақта пикет өткізуге тыйым салынғанын» жазған. Жауапқа қала әкімінің орынбасары Е.Байкен қол қойған.
 

Контекст

Бұған дейін, Алматы  тұрғыны Серік Әбішев жаңа Конституция жобасына қатысты бейбіт жиын өткізбек болған. Ол да қалалық әкімдікке өтініш берген.

«Азаматтарға Конституцияны бейбіт митингіде талқылауға тыйым сала отырып, Конституция бойынша қалай референдум өткізуге болады? Әкімдіктің рұқсат бермеуін референдум өткізуге кедергі және саяси реформаларға саботаж ретінде бағалаймын... Бейбіт жиын өткізу құқығын бізге әкімдік берген жоқ. Бұл бізге азаматтық құқық ретінде тиесілі», – деп жазған ол.

Бұған дейін ол әкімдіктен жауап ала алмағанын айтқан. Алматы әкімдігі әзірге түсініктеме бермеді.