Жақсылық Омарға үкім шықты

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жаксылық Омарға қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮКІМ

Сот шенеунікті кінәлі деп танып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, Toyota автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. 

Оған ҚР ҚК 190-баптың 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары (ірі көлемде алаяқтық) және 366-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі көлемде пара алу) бойынша айып тағылған еді. Ол сот отырысында  кінәсін толық мойындаған. Омардың ісінде екі эпизод болды.

КӨЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ІС

Бірінші эпизод Жақсылық Омар Өскемен әкімі қызметін атқарып жүрген кезеңге қатысты. Айыптау нұсқасына сәйкес, шенеуніктің өтініші бойынша қала тұрғындарының бірі жергілікті кәсіпорынға материалдық көмек ретінде автокөлік беру жөнінде өтініш рәсімдеген. Осыдан кейін әлгі азамат 2021 жылы шығарылған Toyota Camry 75 көлігін алған.

Оның айтуынша, ол көлікті қала әкімдігі ғимаратына айдап барып, кілтін тапсырғаннан кейін бұл автокөлікті қайта көрмеген. Кейін көлік үшінші адамның атына рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке ауыстырылған. Тергеу мәліметінше, сол көлікті айыпталушы пайдаланған. Тергеу органдары осы әрекет салдарынан жәбірленушіге 13 миллион теңге көлемінде залал келтірілді деп есептейді. Омарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Сот отырысы барысында жәбірленуші өзіне келтірілген шығынның өтелгенін, енді ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді.

ЕКІНШІ ЭПИЗОД

Екінші эпизод ақпан айының басында болған. Іс материалдарына сүйенсек, Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерлерінің бірімен кездесуде одан 20 миллион теңге әкелуді сұраған. Айыпталушының өзі мұны талап емес, өтініш болғанын алға тартты. Алайда айыптау тарапы бұл жайтты жалпы қамқорлығы үшін пара алу ретінде бағалаған.

АҚШАНЫ БЕРУ

Әкімдік қызметкері бұл өтініштің заңсыз екенін сезіктеніп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, ақшаны бөліп-бөліп беруді ұсынған. Айыпталушы бұған келіскен. Сол күні күдіктіге үшінші адам арқылы 6 миллион теңге қолма-қол берілген. Шенеунікті тұрғылықты жерінде және жұмыс орнында ұстау кезінде 5,6 миллион теңге табылған.