Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы шиеленісті жағдай әлі реттелген жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қырғыз Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 23 тамызда сағат 13.00-дегі жағдай бойынша "Ақ-Тілек-автодорожный" өткізу пунктінің алдында Қырғызстаннан шығуға кезекте 493 көлік, "Кең-Бұлын-автодорожный" өткізу пунктінің алдында 146 көлік тұр.
22 тамыз күні Қырғызстаннан Қазақстанға 112 автокөлік өткізілген.
Шекара қызметінің хабарламасында айтылғандай, қырғыз тарапынан өткізу пункттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Шу облысында "Ақ-тілек-автодорожный" бақылау-өткізу пунктінің алдында жүк көліктері жиналатын жерде шатырлы көмек пункттері орналастырылған. Онда жүргізушілер мен жүк тасымалдаушыларға қажетті көмек көрсетіледі: медициналық, психологиялық, консультациялық және т.б. Сондай-ақ ыстық тамақ ұйымдастырылған.
Еске салайық, бірнеше күннен бері қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері қаңтарылып тұр. Жүргізушілер жүк көліктерінің Қазақстанға кіргізілмеу себебіне қатысты түрлі нұсқа айтады. Олардың бірі бойынша, бұл Қырғызстанның Қазақстанға суармалы су жеткізуді тоқтатуына байланысты. Екінші нұсқа – қазақстандық шекарашылар есірткі тиелген өзбекстандық жүк көлігін іздеп жатыр деген болжам бар.
Бұдан бұрын Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарадағы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, өткізу пунктерінде ешқандай шектеулер енгізілмегенін мәлімдеген.