Мұнайшылардың ереуілін манипуляция құралы деп атаған олигарх сынға ұшырады

Ғалиасқар Думан

Белгілі меценат, Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы Жұмабек Жанықұлов Жаңаөзен жұмысшыларының наразылығына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Біріншіден, батыстағы жер асты байлықтары бүкіл қазақ халқының мүлкі! Тек Батыс халқынікі емес. Басқаша айтатындар – елімізге жақсылық тілейтіндер емес. Екіншіден, батыс өңірінде шерулерді шантаж құралына айналдырып, мыңдаған адам еңбексіз айлық алып жүр. Басқа өңірлермен салыстырғанда жалақысы 2-3 есе жоғары. Бұл қаншалықты әділетті? Үшіншіден, нарықтық экономикада, егер жұмыс шарттары ұнамайтын болса, әрқашан таңдауың бар. Мысалы басқа жұмыс табу немесе басқа өңірге көшу”, – деп жазды ол желіде.

Кәсіпкердің сөзінше, кез келген компанияның мақсаты –  пайда табу.

“Әр кәсіпорын тиімді болу керек. Егер пайда таппаса, ондай кәсіпорын кімге керек?! “Өзенмұнайгаздың” дәл қазір кірісінен шығысы көп. Кез келген кәсіпорын тендерден ұтылып қалып, жұмысшыларын алаңға шығара берсе елде хаос орнайды. Бұл ел мүддесі үшін дұрыс емес деструктивті ұстаным. Әлемнің дамыған елдерінде мұндай шерулерді өткізудің механизмдері мен тәртібі орнаған. Бәрі оған бағынады, заң бұзылмайды. Түрлі келіссөздер алаңдары дамыған. Бізге де осы мәдениетті қабылдау керек”, – дейді Жанықұлов.

Ол ескі жүйенің  қателіктерін мәдениетсіз, заңсыз жолдармен түзету мүмкін емес деген пікірде.

Десе де, желі қолданушылары кәсіпкердің бұл пікірін сынға алып, бұған дейін ол туралы жақсы ойда болғандарын жарыса жазып жатыр.

46 жастағы Жұмабек Жанықұлов (Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша ҚР ең ықпалды бизнесмендерінің тізімінде 46-орын)- Karazhal Operating ЖШС, Global Chemicals Company (тау-кен байыту және мұнай-газ өнеркәсібі үшін арнайы химия жеткізушісі) негізін қалаушы. Сондай-ақ, jys4 Saryopan Operating (бельгиялық Carmeuse Group-пен бірлесіп химреагенттер шығаратын зауыт), "Тараз металлургиялық зауыты" ЖШС (ферроқорытпалар өндірісі), елдің әртүрлі қалалары мен облыстарында 11 филиалы бар NOVA Medical Centre медициналық диагностикалық орталықтар желісінде үлестері бар. Тараз металлургия зауыты мен Теміртау электрометаллургия комбинатының президенті, "Кемел Ұрпақ" қоғамдық қорының негізін қалаушы және президенті. Paryz ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.