Сараптама

Сайлау алдындағы сан уәде: партиялар халық сенімін қалай жауламақ?
05.08 13:45 Сараптама
23 тамызда Қазақстанның әрбір азаматы маңызды таңдау жасауы тиіс: Құрылтайда өз мүддесін білдіруді қай партияға сеніп тапсырады? Үгіт-насихат науқанының алғашқы күндерінде-ақ партиялықтар әлеуметтік желіде бір-бірін түйреп, кәсібиліктің жоқтығы мен популизмді бетке басып, пікір таластырып, сайлаушылармен жүздесіп, тіпті нақты азаматтардың түйткілдерін шешуге уәде беріп те үлгерді. Алайда, ең басты сауал осы бір қарбалас науқанның тасасында қалып қойғандай: қарапайым халық нақты бір партияға дауыс беру арқылы не ұтады? Бұл сауалдың жауабын партиялардың сайлауалды бағдарламаларын мұқият зерделеу арқылы ғана табуға болады. Өйткені партиялықтар орындай алмаса да, тым болмаса орындауға ұмтылатын басты құжат – осы берген уәделері. Ulysmedia.kz саяси ұйымдардың платформаларын саралап, олардың ұстанымдарындағы тоғысатын тұстар мен басты айырмашылықтарды анықтады. Сондай-ақ әр партия елді гүлдендіруге бастайтын өз жолын қалай елестететінін қарапайым әрі қысқаша түсіндіруге тырысамыз.